3 года назад
Astana - Premier Tech командасының капитаны Якоб Фульсанг Андерматта Сен-Готард асуында аяқталған беделді веложарыс – «Швейцария турының» қола медалін жеңіп алды.
«Кеше жолымыз болмаған соң бүгін мен жеңіс тұғырына көтерілу үшін бағымды сынап көруге немесе осы аптаны кезеңдегі жеңіспен аяқтауға бел будым. Соңғы асу кезінде Шахманның біздің топпен байланысын жоғалтқанын естідім. Сондықтан жарыс жолының соңғы бөлігінде 100% барымды салуым керек екенін түсіндім. Осы апта оңайға соқпады. Таулы кезеңдер ойдағыдай өтіп жатты. Кезеңде жеңіске жетуге біртабан жақын болдым. Бірақ, «жекелей жарыста» жақсы нәтиже көрсете алмадым. Жүлделі орын иеленгеніме қуаныштымын және бұл менің келесі үлкен мақсатыма - Олимпиада ойындарына дұрыс бағытта келе жатқанымды дәлелдейді. Енді мен ел чемпионатына қатысу үшін үйге ораламын. Ал содан кейін «Тур де Франс» күтіп тұр. Сонымен, алда көптеген маңызды жарыстар бар және мен дұрыс бағытта келе жатырмын деп ойлаймын», - деді Якоб Фульсанг.
«Швейцария турының» соңғы, сегізінші кезеңінде шабандоздар бірінші санаттағы екі қиын асуды және қиындығы жоғары санаттағы Сен-Готард шыңын бағындырды. Соңғы бес шақырым жарыс жолы тас төселген жолда өтті.
Кезең басталған сәттен бастап Astana - Premier Tech командасы өте белсенді болды. Нәтижесінде Омар Фраиле жарыс жолының басым бөлігін көшбасшы топта өткізді. Сен-Готтард тауының бөктерінде көшбасшы топ ыдырады. Содан кейін Омар Фраиле Якоб Фульсангқа көмектесу үшін пелотонға қайта оралды.
Қазақстандық-канадалық команданың дат шабандозы жүлделі орынға ие болу үшін қарсыластарына қарсы шабуылға шығуға бел буды. Бірнеше шабуылдардан кейін Фульсанг фавориттер тобында іріктеу жүргізіп, басты қарсыласы неміс шабандозы Максимилиан Шахманды топтан шығарды. Төмен түсу кезінде бар күш-жігерін салып, Шахманға жақындауға мүмкіндік бермеді. Осылайша Якоб Фульсанг Шахманнан 12 секунд алға озып, кезеңде 9-нәтиже көрсетті. Осы көрсеткіштің өзі оған «Швейцария турының» қорытынды жалпы классификациясында үшінші болу үшін жеткілікті болды.
Ричард Карапас швейцариялық көпкүндіктің жеңімпазы атанды. Ал Ригоберто Уран екінші орынға ие болды.
«Біз бүгін Якобты жеңіс тұғырына көтеру үшін соңғы жоспарымызды орындадық және ол біздің қолымыздан келді. Якоб бұл жарысқа байыпты дайындалды. Оның бабы жақсы болып, тауда жоғары деңгейде өнер көрсетті. Якоб кезеңде жеңіске жетуге жақын болды. Бірақ кезеңді екінші болып аяқтады. Алайда, ол жарысты керемет өткізді және осы аптада жасаған барлық жұмыстары оған «Тур де Франста» бабында болуға көмектеседі. Сондай-ақ, бүкіл команда Якобқа өте жақсы қолдау көрсетті. Сондықтан біз Швейцарияда өткен аптаға көңіліміз толады», - деді команданың спорт директоры Бруно Ченьялта.
Швейцария туры, 8-кезең. Андерматт – Андерматт, 159.5 шақырым.
Кезеңнің үздік үштігі: 1. Джино Мадер (Bahrain – Victorious); 2. Майкл Вудс (Israel Start-Up Nation); 3. Маттиа Каттанео (Deceuninck – Quick Step).
Жалпы есептің үздік үштігі: 1. Ричард Карапас (INEOS Grenadiers); 2. Ригоберто Уран (EF Education – Nippo); 3. Якоб Фульсанг (Astana – Premier Tech).
Ермұхамед Мәулен
Ребрендинг и обновление нашего сайта
Кто и как нам помог, читайте далее