Қазақтың геймер қызы Нурия "Nira" Байғазиева: Қалай киберспортшы атандым

Қазақтың геймер қызы Нурия "Nira" Байғазиева: Қалай киберспортшы атандым

Біреу білсе, біреу білмес, біздің елде киберспорттан әйелдер командасы бар. Соның бірі Counter-Strike: Global Offensive ойыншысы - Нурия "Nira" Байғазиева. Қазіргі уақытта ол Se7en esports female командасының мүшесі. Бұл команданың сапында ол Азия және Океания чемпионаттарында MVP атанған. Бұл киберспортта өткен турнирлердегі үздік ойыншыға берілетін өзіндік атақ. Кейіпкеріміз Алматы қаласында дүниеге келген. Жасы 24-те. Психолог мамандығын алып шыққан. Ол Tengrinews.kz тілшісіне киберспортқа қалай келгенін, ондағы тәжірибесі мен жетістіктері жайлы айтып берді. Айтуынша, компьютер ойындарына деген қызығушылығы бала кезінен басталған.  "Ең алғашқы рет Counter-Strike компьютер ойынан бастадым, бірақ ол кезде қызығушылық аз болды. Өсе келе 8 және 9-сыныптарда оқып жүргенде Left 4 Dead ойынына қызықтым, осы виртуалдық ойыннан жергілікті жарыстарға қатысып жүлделі орындар алдым. Студенттік шағымда, мен көп компьютер ойынқұмарларына белгілі Dota ойынын ойнадым. Ал енді менің киберспорттық өмірімде негізгі саналатын Counter-Strike ойынына келетін болсақ, оны университеттің 4-курсында бастадым. Ол кезде тек бос уақытымды пайдаланып ойнайтынмын. Уақыт өте келе осы ойында жақсы нәтижелер көрсеттім, сосын мен өзім жалғыз емес, басқа ойыншылармен қатар командаларға қарсы ойнағым келді", - деп баяндады ол алғашқы қадамын. Нурияның HLTV сайтындағы ресми рейтингі 1.42 деп көрсетілген. © hltv.org Осыдан кейін ол командалық жарыстарды іздей бастағанын және интернетте онлайн-пабликке кез болып, өтінім қалдырғанын айтады. "Ол кезде мен Counter-Strike-тан ірі чемпионаттар мен кәсіпқой ойыншылардың бар екенін білмедім. Менің өтінімімді қазіргі Se7en esports атты командамыздың капитаны байқап, шақырған болатын. Ол маған компьютерді ойынға қалай дайындау керек екенін үйретіп қана қоймай, өзінің зор тәжірибесін берді", - дейді киберспортшы. Айта кетейік Se7en esports командасында 5 қыз өнер көрсетеді. Командының жеке бапкері де бар.  "Мен алғашқы қатысқан онлайн турнирімде командамен бірге екінші орын алғанбыз. Алғашқы кезде біздің командамызда басқа адамдар болған, яғни мен, команда капитаны Стелла есімді қыз және Ресейден келген үш қыз болды. Осының арқасында мен ойыншы ретінде өстім. Командамыздың мүшелеріне ресми айлық берілмеді. Тек жүлделі орын алғанымыз үшін сыйақы алып тұрдық. Кейін техникалық қиындықтарға байланысты мен командададан шығып кеттім", - дейді Нурия "Nira" Байғазиева. Нурия "Nira" Байғазиеваның айтуы бойынша желі арқылы басқа командалармен ойнаған кезде техникалық қиындықтар пайда болады. Оны "жоғары пинг" деп атайды. Біздің елімізде ол киберспортшылардың басты кедергісі болып саналады. "Жоғары пинг" кезінде ойын барысында қатысушыларға мәлімет кеш түседі. Яғни желінің жылдамдығы азайып, ойын сапасы мен нәтижесі әсерін тигізеді. "Үзіліс жасағаннан кейін командамыздың капитанының шақыруымен мен WESG (world electronic sport games) әлемдік турниріне дайындық жасадым. Бұл турнирге әлемнің ең мықты киберспортшылары өз аймақтарында бірінші орынды жеңіп алып қана финалдық турнирге жолдама алады. Біз ойындарды онлайн өткіздік. Орталық Азияның жеңімпазы атанып, Қытайдың Циндао қаласында өткен финалдық кездесулерге жолдама алдық. Әлемдегі ең мықты деген командалармен кездесіп, үшінші орынға ие болып, 2000 доллар сыйақы алдық", - дейді киберспортшы. Қазіргі уақытта Нурия киберспортты өзінің негізгі жұмысы деп санамайды. Себебі біздің елдегі "жоғары пинг" мәселесі оның ойынша жоғары дәрежеде өнер көрсетуіне кедергі болып тұр. Ол шет елдегі ойыншылармен жарысқысы келетінін айтты.            "Қыздар арасында киберспорт әлі дамымады десе де болады. Себебі ірі турнирлер аз және берілетін жүлделері де ерлердің турнирлерінен бірнеше есе төмен. Мен қыздар арасында өтетін skylla турниріне қатыстым, ол жақта жүлделі орындар жеңіп алғанмын, ең көп команда жиналатын Dreamhack турнирде де өнер көрсеткенбіз. Бірақ финалға өте алмадық", - дейді спортшы. Нурия дайындыққа 3 сағаттан аптасына үш-төрт күн кететінін айтады. Команданың әр мүшесі үйінде дайыдалады екен. Ал демалыс күні арнайы компьютермен жабдықталған жерде командамен бірге дайындық өткізеді. Нурия тек компьютер алдында отырмай, сурет салумен, тоқыма тоқумен айналасатынын айтты. Оған қоса, музыкалық мектепті тәмамдаған екен, домбыра да шертеді. Киберспортта қыздар мен жігіттердің ойынында қандай ерекшелігі бар деген сұраққа Нурия былай деп жауап берді: "Қыздар мен жігіттер бірлесіп бір командада ойнауға болады. Бірақ кейбір адамдар олардың психологиялық өзгешеліктерін айтады. Қыздар жігіттер сияқты шапшаң ойлап, шешім қабылдай алмайды деген сөздерді естігенмін, бұл туралы көп нәрсе айтуға болады. Меніңше нағыз ойыншыға бұл кедергі емес".  Ойыншының айтуынша, біздің елде киберспорт енді дамып келе жатыр. Бірақ елдің ішінде үлкен бәсекелестік үшін әлі уақыт керек екенін айтады. Суреттер Нурияның жеке мұрағатынан Кейін Нурия киберспортпен айналысуына туысқандарының, ата-анасының пікірі жайлы сөз қозғады. "Компьютердің алдында көп отырғаныма қазір туысқандарымның еті үйренді. Менің ойнағанымды құп көрмесе де, жетістіктерімді көріп қуанып жүр. Негізінде адамдар менің компьютерде ойнағанымды көріп, таңғалады, мен түсінемін, ол үйреншікті нәрсе емес. Бірақ олардың тарапынан қызығушылықты да көремін және олар маған әртүрлі сұрақ қойып жатады", - дейді ол. Әйелдер арасындағы киберспортта да қулықтар болады екен. Киберспортшы сондай қулықтардың бірі жайлы баяндады.  "Қазіргі уақытта біз командамызбен демалыстамыз. Бір жарыстан түсіп қалдық, әрине көңіл-күйіміз де түсіп кетті. Себебі "жоғарғы пинг" ақауы мен қатар моңғолдар командасымен ойнағанда қыздардың орнына жігіттер ойнағаны бізге мәлім болды. Қазіргі уақытта команда мүшелері өздерінің негізгі жұмыстарымен айналысып жатыр. Алдағы уақытта бірнеше жарыс болады, бірақ бізде оларға қатысуға мүмкіндік болмай тұр", - дейді Нурия. Спортшы қыз елімізде аздаған уақыт бұрын құрылған Киберспорт Федерциясы көмек қолын созуға көмектесуді жоспарлап отырғанын айтады. Федерация шет елде болатын турнирлерге жол шығындары мен виза рәсімдеуге көмектеспек екен. Әңгімелескен: Мақсат Мамбетжан