Ресейдегі «Қош ағаш» ауданының әкімі Жатқанбаев тұтқындалды


АСТАНА. ИНФОРМАГЕНТСТВО «7NEWS.KZ».

Ресейдің Таулы Алтай өңіріне қарасты «Қош ағаш» ауданының басшысы Әуелхан Жатқанбаев (суретте) пара алды деген күдікпен тұтқындалған. Оқиға 22 ақпан күні болған.

Ол өткен жылы қаңтар айында мектеп құрылысын аукцион арқылы сатуда жеңіске жетуі үшін бәссаудаға қатысушыдан 3 млн рубль көлемінде пара алған деп айыпталып отыр. Өзінің ешқандай кінәсіз екенін айтқан Әуелхан Жәзитұлы сот залына жедел-жәрдем қызметкерлерін шақыртуға мәжбүр болды. Себебі оның денсаулығы сыр бере бастаған.

Ал осы оқиғаға байланысты Әуелхан Жатқанбаевтың ұлы Мейірім Жатқанбаевқа хабарласып, істің мән-жайын сұрағанымызда, ол былайша жауап берді. Және осы жан айқайын жанашыр жандарға жеткізуімізді сұрады.

«Ассалаумағалайкум, ағайындар!!! Мен Ресей Алтай өлкесінің, Қос-Ағаш ауданының тұрғынымын. Əкем Жатқанбаев Əуелхан Жазитұлы, осы ауданның əкімі. Ат төбеліндей азғантай  қазағына, 12 000 қазағына бүкіл өмірін, денсаулығын аямай еңбек етіп келе жатыр. Жергілікті халықтың қолдауымен 4 мəрте аудан əкіміне сайланып, жұмысын зор атқарды. Елінің үмітін ақтап, келешекте өсер ұрпағына жол сілтеді. Жоғарғы жақтағы орыс пен алтай ұлтының тапсырмасы бойынша бұл адам енді керек емес деп саясат қудалауына түсті. Жасамаған іске жала жауып, еш бір нақты дəлелсіз апарып қамап тастады түрмеге. Денсаулығы онсыз да нашар адамды - қан қысымы жоғары жəне жүрегі нашар адамды еш бір нəрсеге қарамастан қамады. Бір сөзбен айтқанда, орысша " Бесспредел" жасады. Үлкен бас муфтийді де кіргізбейді, кіріп дем салып жүрегіне сабырлық ұялатып кірсін десе де. Жергілікті тұрғындар, елі жұрты, ағайыны жиналып алаңға шықса, бостандық пен əділеттік сұраса, полиция бəрін шетінен қуып қамаймыз деп қорқытуда. Бүкіл халық жылап, еңіреп қайғырып отыр. Келесі кезек жан ұясына қауіп төніп тұр. Үлкен қызы, менің апайым, ол екеуміз - Қазақстан азаматымыз, бізді де қамауға алмақшы. Айналайын, қазағым, алыстағы қандастарыңызға қол ұшын созуларыңызды сұраймыз. Алдымен Алладан дұға тілеп, жеңілдігін берсін. Бүкіл әлеуметтік желіге максималдық репост жасап бөлісіңіздер, Елбасына жеткізу керек бұл жағдайды. Үшбу тілегіміз қараусыз қалмайтын шығар деп үміттенеміз...» - дейді Мейрім Жатқанбаев.

Әзірге Әуелхан Жәзитұлының үстінен қозғалған қылмыстық істі ресейлік БАҚ жарыса жазып, ақ ісін қара етуге тырысып жатыр.

Әуелхан Жәзитұлы осы өңірде алғашқы рет халқына Науырыз тойын, бүркіт тойын өткізіп, алғаш рет Халықаралық Азия чемптонатын қазақ күрестен өткізген еді. Қазақ күресінің Азия Чемпионаты бойынша тұңғыш президенті. Совет Өкімет құлағаннан кейін ең алғаш мешіт салдырып, Атамекеннен шәкірттер оқытып алдырды. Қазіргі кезде аудан көлемінде Әуелхан Жәзитұлы салдырған 9 мешіт тұр. Дүниежүзі қазақтар қауымдастығына 4-5 рет ат салыса көмегін көрсетіп, үлкен іс-шараларға қатысты. Атамекен, тарихи Отаны - Қазақстанмен тығыз байланыс жасап, əр салада істеген ісі зор.  Дүниежүзі қазақтарының 4-ші құрылтайында  Елбасы Назарбаев екі елдің арасында атқарған ісін бағалап, алғыстан басқа айтарым жоқ деп еді. Бұл адам мараппаталған медаль, ордендері де аз емес. Арасында Ресей діни орталығының муфтиі Ашировтың "Ал-Ихсан" ордені де бар. Негізі "аңдыған жау алмай қоймас" деген сөз бекер емес екен. Ешкімге бас бермей, азғана қазағаның намысын қорғап, ұлтының жанашыры болып келді. Бірақ ұлты ұнамады ма, əлде ісі ұнамады ма белгісіз, қыр соңына түсіп, оны ақыры түрмеге қамады. Бұл қазақ халқының жан айқайы. Бүгінгі күні Моңғолия, Қазақстан, Ресейдегі Әуелхан Жәзитұлын танитын қазақтар оның бас бостандығын алуын сұрап отыр.

Қазір Әуелхан Жатқанбаев қамауда.

Abai.kz

Тэги: 
 

Комментарии

Добавить комментарий